Қазақстан-достық пен қайырымдылық мекені
Семей қаласындағы «Экономикалық лицейде» қазан айының 24-26-сы аралығында 5-11-сыныптар арасында «Қазақстан-достық пен қайырымдылық мекені» тақырыбында қайырымдылық Күзгі бал-аукционы өткізілді. Оқушылардың күзгі каникулы алдында өткізілген бұл іс –шараның негізгі мақсаты, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін ашу, лицей оқушыларының бойына қайырымдылық қасиеттерін сіңіру және қатерлі ісік ауруына шалдыққан балаларға жәрдем беру.
Күзгі бал-аукционы сайыс түрінде өткізілді. Сайыс шарты бойынша әр сыныптан шыққан «Күз Ханзадасы мен Ханшайымы» өздерінің өнерлері мен интеллектуалдық қабілеттерін көрсетті. Үш күнге ұйымдастырылып өткізілген күзгі бал-аукционына лицей оқушылары өте жақсы дайындықпен келгендерін көрсетті. Барлық сыныптан қатысқан жұптар әр түрлі номинациялармен марапатталса, ал ең үздік деп танылған және топ жарып шыққан жұптар «Күз Ханзадасы мен Ханшайымы» атағына ие болды.
Лицей оқушыларының концерттік бағдарламасынан кейін күзгі аукцион басталды. Аукционға әр сыныптан, оқушылардың өз қолдарымен жасалған бұйымдары қойылды. Аукционға ата-аналар да, оқушылар да қызыға қатысып, белсенділік танытты.
«Қайырымдылық-қайырлы іс» демекші, осы іс-шараға өз үлесін қосқан әр лицей оқушысына, мұғалімдер мен ата-аналарға алғысымыз шексіз. Аукционнан түскен қаражат қатерлі ісік ауруына шалдыққан балалардың есепшотына аударылады.